АҚШ-тың Калифорния штатындағы орман өртінен қаза болғандар 16 адамға жетті деп хабарлады аймақтың сот-медицина сарапшысына сүйенген NBC News сайты. Жергілікті полиция кемінде 13 адам із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.
11 адам – Пасадина ауданындағы "Итон" өрт аймағында, бес адам Пасифик-Палисейдс ауданында жоғалды деп нақтылады CNN.
Лос-Анджелес округының шерифі Роберт Лунаның айтуынша, әзірге із-түзсіз жоғалған адамдардың өртке қатысы бар-жоғы белгісіз.
Лос-Анджелес округында өрт аумағы шамамен 15 мың гектарға жеткен. 12 мыңнан астам құрылыс жойылған. Лос-Анджелестің кемінде 153 мың тұрғыны өткен түні эвакуацияланған.
Орман өрті шығысқа қарай жылжып, қазір Брентвуд және Энсино аудандарына қауіп төндіріп отыр. Сондықтан эвакуация аумағы кеңейген. Палисейдстегі өрттің 11 пайызы оқшауланған.
Лос-Анджелес аймағындағы өрт 7 қаңтардан бері жалғасып жатыр. Өрт сөндіруді қатты жел мен құрғақ ауа райы қиындатып отыр. Лос-Анджелес аймағының билігі жанғыш заттардың қаупіне байланысты денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жариялады.
ПІКІРЛЕР