Accessibility links

Киев Курск облысында Солтүстік Корея солдаттарын тұтқынға алғанын хабарлады


Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейдің Курск облысында украин күштерінің екі солтүстіккореялық сарбазды тұтқынға алғанын растап, суретін жариялады.

“Мәселе Солтүстік Кореяның екі сарбазы туралы болып отыр. Бірін 2025 жылы 9 қаңтарда арнайы операция күштерінің № 84 тобының жасағы тұтқынға алған, екіншісі Украина қарулы күштерінің десанттары ұстады” деп жазды Украина басшысы.

Бұған дейін Киев, Пентагон және Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Корея әскеріндегі ірі адам шығыны жөнінде хабарлаған, алайда нақты дәлелдер болмаған.

Украина президентінің айтуынша, тұтқынға алынған кореялықтар Киевке жеткізілген. Олар орыс немесе ағылшын тілінде сөйлемейді, сондықтан аудармашылардың көмегі қажет болған.

Ақпаратқа қарағанда, тұтқындардың бірінде ресейлік үлгідегі әскери билет болған. Онда Тува республикасында тіркелген басқа бір адамның аты-жөні жазылған. Екінші тұтқында құжат болмаған.

"Барлық тұтқын сияқты, Солтүстік Корея солдаттарына да тиісті медициналық көмек беріліп жатыр" деп жазды Зеленский. Ол сонымен бірге Украина қауіпсіздік қызметіне солтүстіккореялықтарға журналистердің кіруіне шек қоймауды да тапсырған. "Әлем не болып жатқанын білуі керек" деді ол.

Украина президенті арнайы операция күштерінің жасағы мен десантшыларға солтүстіккореялықтарды тұтқындағаны үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, бұл оңай шаруа емес, себебі Зеленскийдің сөзінше, "ресейліктер мен солтүстіккореялықтар әдетте солтүстіккореялықтардың соғысқа қатысып жатқанына дәлел болмас үшін жараланғандарды соңына дейін ұрып-соғады".

"РБК-Украина" сайтының жазуынша, бұл украин күштері тұтқынға алған алғашқы солтүстіккореялықтар. "Ренхап" агенттігі 2024 жылдың соңында Оңтүстік Кореяның барлау қызметі солтүстіккореялықтарды тұтқынға алғанын растаған. Алайда ресми хабар жарияланбаған еді.

"Ренхап" агенттігі Оңтүстік Кореяның штаб жетекшілерінің біріккен комитетіне сүйене отырып, Солтүстік Корея Ресей-Украина соғысында 1100 адамынан айырылған болуы мүмкін. Оңтүстік Кореяның барлау қызметінің дерегінше, Пхеньян Ресейге қосымша әскер мен әскери техника жіберуге дайындалып жатқан болуы ықтимал.

XS
SM
MD
LG