Accessibility links

Сәтпаев тұрғындары "қара қарға" шағымданды. Билік бұған "арзан көмір" себепші дейді


Теміртаудағы "қара қар".
Теміртаудағы "қара қар".

Ұлытау облысының Сәтпаев қаласында тұрғындар кезекті рет "қара қарға" шағымданды. Қара түсті қар туралы видеолар әлеуметтік желіде таралды.

Тұрғындардың сөзінше, жылу қазандығынан шыққан түтіннен қар қараға боялған.

Облыс әкімдігі бұл «жылу тарифін төмен бағада ұстап тұру үшін арзан көмір жаққанан болып отыр» деп мәлімдеді.

"Жылу энергиясын өндіру үшін қалалық қазандық "Молодежный" разрезінің көмірін пайдаланады. Оның арзандығы тариф көлемін арттырмай бір деңгейде ұстап тұруға көмектеседі, бірақ сапасы қоршаған ортаға және жабдықтың жұмысына теріс әсер етеді. Қазандықтың негізгі жабдықтары 1960 жылдардың басында пайдалануға берілген және айтарлықтай тозған, қазіргі заманғы экологиялық стандарттарға және газ тазалау жүйелеріне сәйкес келмейді" деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

Әкімдіктің түсіндіруінше, 2024 жылы қаланы жылумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша құны 1,6 млрд теңге болатын ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір жылу кәсіпорны экология көрсеткішін жақсартуға бағытталған қолжетімді технологияны енгізумен белсенді айналысып жатыр.

Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір қалада жеке үйлерге газ тарту жалғасып жатыр. Жергілікті билік бұл жоба аяқталған соң қазандықтан шығатын күйе мәселесі шешіледі деп сенеді.

Қазақстанның орталығында бірқатар өнеркәсіп қалаларының тұрғындары ауа ластығына жиі шағымданады. Бұған дейін Теміртау мен Сәтпаев тұрғындары да "қара қарға" шағымданған. Тұрғындар жергілікті "қара қарға" кәсіпорындардан шыққан қалдықтар себеп деп санайды.

XS
SM
MD
LG