Accessibility links

Дереккөз: Гүлнара Каримованы қоныстандыру колониясына ауыстырды


Үйқамақта болған Гүлнара Каримова және полиция қызметкерлері.
Үйқамақта болған Гүлнара Каримова және полиция қызметкерлері.

Өзбекстанның қайтыс болған бірінші президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова 20 желтоқсанда Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы №21 әйелдер колониясынан сол аудандағы №42 қоныстандыру колониясына ауыстырылды. Бұл жөнінде бір-бірінен тәуелсіз бірнеше дереккөзге сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі жазды.

"Гүлнара 5-6 шабаданымен бақытты күйде колониядан кетті. Кетерінде жылдар бойы өзіне жақын болып кеткен сотталушылармен құшақтасып қоштасты. Оны қылмыстық жазаны атқару басқармасынан келгендер мен колония бастығы Гүлрух Каримова шығарып салды" деді әйелдер колониясының аты-жөнін атамаған қызметкері Азаттыққа.

Оның сөзінше, 19 желтоқсанда Зәңгіата аудандық соты Каримованың жазасын жұмсарту туралы шешім шығарған. Дереккөздердің айтуынша, Гүлнара Каримованың жазасын жеңілдету туралы өтінішті колония әкімшілігі берген. Олар өтініште Каримованың жаза мерзімінің үштен бір бөлігін өтегенін көрсеткен.

Өзбекстан ІІМ де, жазаны атқару департаменті де, омбудсмен де ресми түрде ақпаратты растаған жоқ, бірақ ақпаратты терістемеді де.

"Іс жүзінде бұл бап колонияның ішкі тәртібін бұзғандарға қатысты орындалмауы керек еді. Гүлнара жаза өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған сотталушылардың бірі болған. Ол бұған дейін бірнеше рет ереже бұзып, сөгіс пен ескерту алған" дейді колония қызметкері.

Былтыр шілде айында "Озодлик" дереккөздерге сүйене отырып, Гүлнара Каримова 2019 жылдан бері жазасын өтеп келе жатқан Зәңгіата колониясында "ерекше артықшылықтарға" ие екенін жазған еді. Колонияда бұрын жазасын өтеген сотталушылардың бірі түрмеде Каримова "нені сұраса, соны алатынын" айтқан: оған ірі азық-түлік сәлемдемелер жеткізіледі, сапалы матадан тігіген униформа беріліп, көп жеңілдік жасалатынын айтқан.

Колония қызметкерлерінің бірі Гүлнара Каримова мекеме басшылығының «бас ауруына» айналғанын да айтқан. Бұған дейін Өзбекстанның бірінші президентінің қызы әйелдер колониясындағы дөрекі қарым-қатынасқа да шағымданған еді.

Әкесі тірі кезінде Гүлнара Каримова Еуропада ірі дипломатиялық лауазымдарда отырды, көп байлыққа ие болып, зергерлік бұйым дизайнымен айналысқан.

Алайда 2014 жылы оның әкесі Ислам Каримовпен қарым-қатынасты үзгені жөнінде ақпарат тараған шақта ол көрінбей кеткен.

Өзбекстанда 2013 жылы Гүлнара Каримоваға қарсы ақша жымқыру және салық төлеуден жалтару баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 2015 жылы бірінші іс бойынша оның бостандығы бес жылға шектелді. Ал екінші іс бойынша 2017 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін оның жазасы бостандықты шектеу жазасына алмастырылған.

Ал 2020 жылы Ташкент қалалық соты сөз байласу, ақша бопсалау, тонау, жымқыру және өзге қылмыстар бойынша айыпталған Каримованы 13 жыл 4 айға соттады. 2019 жылда бері ол Ташкент облысының Зәңгіата ауданындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп келді.

Өзбекстанда Каримоваға қарсы іс ол АҚШ пен Еуропаның бірнеше елінде жемқорлық пен ақша жымқыру істері бойынша айыпталғаннан кейін ашылған. Тергеу мәліметінше, Каримова телекоммуникация және өзге де салалардағы компаниялардан (негізінен шетелдік; МТС, Вымпелком, ING, Telia Sonera) шамамен 1 млрд доллар көлемінде пара алған. Есесіне ол Өзбекстанда мобильді байланыс қолданысына лицензия алып беруге уәде берген деп айтылады.

Тергеу органдарының пікірінше, ол және оның айналасындағы адамдар ақшаны офшор арқылы шетелге шығарып, ондаған вилла мен жылжымайтын мүлік алған. Өзбекстан билігінің мәліметінше, Гүлнара Каримова мен оның қылмыстық тобының шетелдегі активтерінің жалпы құны - 1,4 млрд доллар. Өзбекстан билігі әлі күнге дейін осы ақшаны қайтаруға күш салып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG