Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылды отбасы жылы деп жариялағаннан кейін депутаттар мен жергілікті билік органдарына қосымша шаралар қабылдау жөнінде міндет қойылды. Олар бұл міндетті жақсы атқарып шықты.
Былтыр Ресей "дәстүрлі отбасы құндылықтары үшін" күресті күшейте түсті. Абортқа қарсы науқан жүріп, мектептерде "отбасытану" дейтін пән пайда болды. Ал ажырасқысы келетіндер күрделі қиындықтарға тап болды.
АБОРТҚА ҚАРСЫ КҮРЕС
Онсыз да демографиялық дағдарыста тұрған Ресей Украинаға қарсы соғыс бастап, бала туу көрсеткішін арттыруға одан әрі мұқтаж болып қалды.
2024 жылдың бірінші жартысында туу көрсеткіші 1999 жылдың деңгейінен де төмен түсіп кетті. 1999 жыл Ресейдегі демографиялық құлдыраудың қайнар көзі саналатын онжылдықтың соңғы жылы болатын.
Ресей көпбалалы отбасыларды көбейту үшін бұрыннан материалдық ынталандыру шараларын пайдаланады.
Былтыр осы шаралар одан әрі күшейіп, аймақтардағы жергілікті билік 24 жасқа дейінгі аналарға әртүрлі көлемде ақшалай төлемдер бекітті.
Челябинск облысында бала тапқан студент ерлі-зайыптыға 1 миллион рубль (10 мың доллар) көлемінде жәрдемақы берілетін болды. Басты шарт – екеуі де студент болуы керек.
Тәттімен қызықтырған ресейлік шенділер таяқты да ұмытпады.
Кейінгі айларда Ресейдің ондаған өңірінде абортқа мәжбүрлеуге тыйым салатын заңдар қабылданды. Жүкті әйелдерге аборт жасатуға кеңес беретін, заңды бұзған дәрігерлер мен жұмыс берушілерге 100 мың рубльге дейін (1000 долларға жуық) айыппұл қарастырылған.
Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, қазір клиникаларға аборт жасату үшін барған әйелдерді аборт жасатпауға үгіттеп, баланы алдыруды ойдан шығарылған себептермен кейінге қалдырып жатыр.
Билік мемлекеттік мекемелер мен университеттерде абортқа қарсы насихатты күшейткен.
2024 жылы қарашада абортқа қарсы үндейтін пропагандалық фильм көрсетіле бастады. Оны Орыс православ шіркеуіне қатысы бар телеарна түсірген. Мектеп оқушылары, студенттер мен мемлекеттік қызметкерлерге осы фильмнің арнайы көрсетілімін ұйымдастырған.
Мемлекеттік дума комитетінің жетекшісі Нина Останина бұл науқанды "арнайы демографиялық операция" деп те атаған. Қазір ресейліктердің көбі осы науқанның аяғы абортқа түбегейлі тыйым салумен аяқтала ма деп қауіптенеді.
2024 жылы депутаттар "Ресей Федерациясындағы денсаулық сақтау негіздері туралы" заңға тууға дейінгі және туудан кейінгі құқық жайлы өзгерту енгізуді ұсынды.
"ЧАЙЛДФРИ ПРОПАГАНДАСЫНА" ҚАРСЫЛЫҚ
Мемлекеттік дума 2024 жылдың қарашасында "чайлдфри пропагандасына" қарсы заң қабылдады. Енді ерікті түрде балалы болмауды таңдайтын өмір салтын насихаттаған ұйымдарға 45 мың доллар, жеке тұлғаға 4 мың доллар айыппұл салынуы мүмкін.
Жаңа заң "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салатын 2022 жылғы заңға ұқсайды. Ал оны "дәстүрлі отбасылық құндылықтарды" қорғау туралы 2013 жылғы заңға сүйеніп қабылдаған.
Былтыр наурызда Ресей "халықаралық ЛГБТ қоғамдық қозғалысы мен оның құрылымдық бөлімшелерін" (шын мәнінде мұндай қозғалыс жоқ) экстремистік ұйымдар тізіміне қосты.
АЖЫРАСУҒА КЕДЕРГІ
Туу көрсеткіші азайған сайын ажырасу да артып келеді. Мемлекет қолдауымен жұмыс істейтін жалпыресейлік қоғамдық пікірді талдау орталығының кеңесшісі Елена Михайлова 2024 жылы тіркелген 10 некеге 8 ажырасудан келгенін айтады.
2024 жылғы қыркүйекте билік басындағы "Единая Россия" партиясының депутаты соттарды ажырасуға келген ерлі-зайыптыға жарасып кетуге 3 ай уақыт беріп, психологқа жіберуді міндеттейтін заң жобасын ұсынды.
Бұл заң қабылданса, ерлі-зайыптылар кәмелет жасына толмаған балалары болған және екеуінің бірі ажырасқысы келмеген жағдайда "қайта тәрбиелеуден" өтуі керек.
Заң жобасының бұл бөлігі 2017 жылы жартылай декриминализацияланған, Ресейде кең таралған тұрмыстағы зорлықтан жапа шеккен азаматтар үшін өте қауіпті.
Әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар консорциумы жүргізген зерттеуге сәйкес, 2022–2023 жылдары тұрмыстағы зорлықтан кемі 2284 әйел қаза тапқан, олардың 93 пайызын күйеулері немесе серіктері өлтірген.
ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ
"Дәстүрлі отбасылық құндылықтар" тақырыбы Ресей мектептеріне де жетті.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап мектептерде "Отбасытану" деген пән оқытылады. Бұл сабақ балаларды "отбасы — мемлекет негізі" дегенге үйретеді.
Бірақ деректерге қарасақ, ресейліктер отбасы жоспарлауға келгенде, сақтық шараларына мұқият қарайды. "Ведомости" іскерлік басылымының дерегінше, 2024 жылдың бірінші жартысында ресейліктер жүктіліктен қорғайтын құралдарға 19,3 млрд рубль (177 млн доллар) жұмсаған. Бұл — кейінгі бес жылдағы рекордты көрсеткіш.
ПІКІРЛЕР