Жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озды

Мұхтар Мағауин

10 қаңтарда 85-ке қараған шағында жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

"Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)" деп жазды Едіге Мағауин.

Ол жазушының толық шығармалар жинағының 26-томынан үзінді де жазып қойған.

“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!”.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған.

Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.

Жазушының XV–XVІІІ ғасырдағы қазақ ақын, жыраулары туралы "Қобыз сарыны", "Көк мұнар" романы, "Шақан-Шері", "Гауһар" роман-дилогиясы, "Жармақ", "Шыңғыс ханның шарапаты" және өзге де шығармалары бар.

Жазушының шығармашылығына арналған Magauin.com сайтындағы мәліметке сүйенсек, Мұхтар Мағауин кейінгі жылдары ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазған.

"Мұхтар Мағауиннің алпыс жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері бүгінде толық жиырма жеті том болып тұр" деп жазылған сайтта.

Азаттық Мұхтар Мағауиннің қазасына байланысты марқұмның ұлы, Азаттықтың Қазақ қызметінің бұрынғы директоры Едіге Мағауинге және бала-шағасына көңіл айтады.