Жапония Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытайдың компаниялары мен жеке тұлғаларына санкция салды

Жапония мен Қырғызстан туы

Жапония Ресей, Қытай, БАӘ, Қазақстан, Қырғызстан, Таиланд, Түркия және Солтүстік Кореяның компаниялары мен жеке тұлғаларына санкция салды. Бұл жөнінде Жапония сыртқы істер министрлігінің сайтында жазылған.

Санкцияға 29 ресейлік ұйым (Қазан және Тамбовтағы оқ-дәрі шығаратын зауыттар, Марий машина құрастыру зауыты, "Вымпел" корпорациясы және өзгелер) және үш банк (ЦМР банк, РФК Банк, Тимер Банк) ілінген. Ресейлік тағы 22 компания мен 335 тауар атауына экспорттық шектеу енгізілген.

Жапон билігі санкция тізіміне оннан астам ресейлікті енгізген. Арасында "Ростех" бас директорының бірінші орынбасары Владимир Артяков, «Алрос» бас директоры Павел Маринычев, «ПСВ Технологии» бас директоры Сергей Петров және «Электромашина» басшысы Игорь Афанасьев те бар.

Бұған қоса, Қытай, БАӘ, Қазақстан, Қырғызстан, Таиланд, Түркиядан жалпы саны 31 компания да тізімде бар. Солтүстік Кореяның бір азаматы санкцияға ілінген. Жапония сыртқы істер министрлігінің тізімінде бішкектік екі фирма мен Астанада тіркелген бір компания да бар. Қазақстандық Da group 22 компаниясы былтыр жазда да Еуроодақ санкциясына ұшыраған. Компания 2022 жылы көктемде – Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Астанада тіркелген. Ашық дерекқорларында "азық-түлік көтерме саудасымен айналысатын" компаниялар категориясына енген. Компания жетекшісі Носаева Лиля Ивановна деп көрсетілген. Бұған дейін зерттеушілер бұл компанияның Германияда бизнеспен айналысатын ресейлік отбасымен байланысы барын анықтаған. Компанияның сайты қазір ашылмай тұр, басты бетте сайтты қайта дайындап жатқаны жазылған.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Жапония өзге елдермен қатар Ресейге санкция сала бастаған. Жапон билігі Ресейге дрон, болат, алюминий, ғарыш аппараттары мен оның бөлшектері, электр жабдықтары мен оптика құрылғыларын экспорттауға да тыйым салған.

Жапонияның жеке санкциясына Ресей басшысы Владимир Путин, Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары, әскерилері мен кәсіпкерлер және өзге де азаматтар ілінді. Токио Ресейді сауда бойынша ең қолайлы мемлекет статусынан да айырды.

2024 жылы маусымда Жапонияның Ресейдің 11 азаматы мен 50-ден астам компаниясына санкция салғаны белгілі болған. Арасында қазақстандық Elem Group пен өзбекстандық Mvizion де бар. Бұл компаниялар Ресейге электроника сатып алуға көмектесіп, шектеулерді айналып өтуде қол ұшын берген деп айтылады.