Құқық қорғаушылар мен белсенділер 2024 жыл қарақалпақтар құқығы тапталып, оппозиция өкілдерін қудалау күшейген жыл болды дейді. Ресми Ташкент кейінгі бір жылда ел ішінде интернеттегі белсенділікті басып, шет елдердегі белсенді қарақалпақ азаматтарын экстрадициялауға тырысты. Құқық қорғаушылар елде саяси тұтқындар саны артқанын, олардың түрмеде азаптау көргенін мәлімдесе, ресми Ташкент мұның бәрін жоққа шығарып отыр.
БЕЛСЕНДІНІ МӘСКЕУДЕН АЛДЫРУ
Түркияда заңсыз қалып қойған қарақалпақ белсендісі Жеткербай Әбдіраманов кейінгі екі жыл Еуропаға барудың жолдарын қарастырған. Ол алдымен Молдова арқылы Румынияға өтпек болады. Бірақ Молдова билігі белсендіні шекарадан өткізбей қайтарып жіберген.
Әбдіраманов кейін Дубай арқылы Мәскеуге, сосын Мәскеуден Ресейдің солтүстігіндегі Мурманск қаласына билет алып, Норвегияға өтіп кетуді жоспарлаған. Бірақ былтыр 16 желтоқсанда оны Мәскеудегі әуежай полициясы ұстайды. Сол кезде Жеткербай Өзбекстанда өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын және халықаралық іздеуде екенін білген.
Әуежайда уақытша ұсталған кезде Жеткербайға Қарақалпақстанның ішкі істер министрлігінен хабарласқан. Жеткербай жазып алған аудионы Азаттыққа Норвегияда тұратын қарақалпақ белсендісі, "Алға, Қарақалпақстан" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаев жіберді.
Аудиода өзін Тимур Баймұратов деп таныстырған құзырлы орган қызметкері Әбдірамановтың үстінен Өзбекстанда қылмыстық кодекстің 159-бабы ("Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу") бойынша іс қозғалғанын айтып, елге қайтуды міндеттегені анық естіледі. Жеткербай Ресейден саяси пана сұрайтынын мәлімдесе де, ішкі істер органы өкілі Өзбекстанның арнайы қызметі барып, алып кететінін айтқан.
Кейін Мәскеу прокуратурасы белсенді Әбдірамановтың үстінен Өзбекстанда жоғарыда аталған баптан бөлек қылмыстық кодекстің 244-бабы ("Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды дайындау, сақтау және тарату") бойынша да іс қозғалғанын растады.
Польшада тұратын қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов Жеткербай ұсталғанда көмек сұрап хабарласқанын айтты. Ол халықаралық құқық қорғау ұйымдарына хабар беріп, Жеткербайға адвокат табуға көмектескен, кейін аудармашы болып оның ісіне де араласқан. Мәскеу прокуратурасы Жеткербайды уақытша ұстауға Өзбекстан билігінен қосымша дәйектеме сұратып, алдыра алмағаннан кейін белсендіні босатқан. Бірақ Әбдірамановқа 25 желтоқсанға дейін Ресей территориясынан шығып кетуді бұйырған.
Аман Сағидуллаевтың сөзінше, Әбдіраманов такси жалдап, 23 желтоқсанда Мурманск қаласына жеткен. Бірақ қонақ үйге орналасқан күні оны Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі ұстап, Мәскеуге қайтарған. "Алға, Қарақалпақстан" жетекшісінің айтуынша, 27 желтоқсан күні өзбек арнайы қызметі Мәскеуге барып, Әбдірамановты Өзбекстанға алып кеткен.
Жеткербай Әбдіраманов Нөкіс оқиғасы кезінде Қазақстанда еңбек етіп жүрген. Нөкістегі қантөгіс туралы естігеннен кейін ол Алматыдағы өзі танитын қарақалпақтардан Қарақалпақстанның егемендігін жоятын заң жобасына қарсы қол жинай бастаған. Көп өтпей, Қазақстанның миграция комитеті оны Қырғызстанға күштеп шығарып жіберген.
Қарақалпақ белсенділерінің айтуынша, ол әлеуметтік желілерде саяси ұстанымын аса көп көрсетпеген. Бірақ Қырғызстанда өзін қауіпсіз сезіне алмағаннан кейін Түркияға ұшып кеткен. Түркияда тұрақты жұмыс таппай, ресми тіркеу уақытын өткізіп алған. Содан кейін Еуропа елдеріне барып, саяси пана сұрауды көздеген.
Нөкістегі оқиға
2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Конституция жобасында Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.
1 шілдеде ішкі істер органдары жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкетті. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап ете бастады.
Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.
2022 жылғы 2 шілдеде Нөкіске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев барды. Ол Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты баптарды өзгеріссіз қалдыруға уәде берді.
2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.
ҚАЗАҚСТАНДА БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҚУДАЛАНУЫ
Шетелде жүріп, Өзбекстан билігінен қысым көрген жалғыз Жеткербай емес. 2024 жылы Өзбекстан билігінің талабымен Қазақстанда үш қарақалпақ белсендісі ұсталды. Ташкент оларға да саяси ұстанымын білдіргені үшін қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу салды.
Солардың бірі – Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратов. Белсендіні Алматы полициясы былтыр 15 ақпанда Өзбекстан билігінің талабымен ұстады. Ақылбектың туыстары оны үйіне іздеп келгендер қатарында Өзбекстан құзырлы органы қызметкері де болғанын айтқан. Алматы полициясы Мұратовты тек Ташкенттің сұрауымен ұстағанын, оған қарсы Қазақстанда еш іс қозғалмағанын айтқан.
Ақылбек Мұратовқа Өзбекстан "Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға күш қолдануға шақырды", "Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатер төндіретін материалдарды сақтап, таратты және көрсетті" деген айып тағып отыр. Белсенді бұл айыпты жала деп біледі.
Мұратов адвокатының айтуынша, Өзбекстан билігі "2022 жылы шілдеде болған Нөкіс оқиғасының 500 күндігі қарсаңында – "2023 жылы 13 қарашада үйдегі жарықты 16 минут өшіру (белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов Нөкіс оқиғасына байланысты 16 жылға сотталған – ред.) жөнінде бастама көтеріп, жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп есептейді.
Диаспора жетекшісі экстрадиция қаупі төнгенде Қазақстан билігінен саяси пана сұрады. Оған "саяси пана іздеуші куәлігі" берілді. Бұл оны экстрадициялаудан уақытша қорғайды. Бірақ былтыр қыркүйекте Қазақстан билігі оған саяси баспана беруден бас тартқанын мәлімдеді. Мұратов адвокаты апелляциялық шағым түсірген. Іс әлі қаралып жатыр. Өзі Алматыдағы уақытша қамау изоляторында отыр.
Азаттық Ақылбек Мұратовқа қатысты Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне, елдің Бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігіне сұрау хатын жолдаған. Бірақ әлі күнге дейін жауап келмеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бар айыбым – қарақалпақпын". Атамекенде де, шетелде де қуғын көргендерАман Сағидуллаев Ақылбек Өзбекстандағы адам құқықтары мәселесін жиі көтергені үшін қудаланып отыр дейді. Ақылбек қамалғанға дейін де Өзбекстан билігінің өзіне қысым жасағаны туралы айтқан.
"Үш адам бізге Ташкенттен келгенін ашық айтқан. "Осы Ақылбектің қарақалпақтарға қатысты әрекеттері бойынша сөйлесуге келдік" деген. "Бала-шағаң бар, жұмысың бар, балаларың өсіп жатыр" деп айтқан. "Балаларыңа бір жағдай болып қалуы мүмкін" деп қысым жасаған", – деген еді ол Азаттыққа 2023 жылы берген сұхбатында.
Мұратовтан бөлек, былтыр наурызда Астана қаласында Расул Жұманиязов есімді қарақалпақ белсендісі ұсталса, сәуір айында Алматыда Ринат Утамбетов дейтін өзге белсенді уақытша қамалды.
Аман Сағидуллаевтың сөзінше, Расул Жұманиязов "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының өкілі, ол Telegram-мессенджерінде Нөкіс оқиғасы туралы талқыға қатысқаны үшін қудаланып отыр.
"Мемориал" құқық қорғау орталығы Ринат Утамбетовке Нөкіс оқиғасындағы Ташкенттің әрекетін сынайтын видео жариялағаны үшін іздеу салынғанын, оған қарсы Өзбекстан қылмыстық кодексінің 159-бабы ("Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу") бойынша іс қозғалғанын жазды.
Үш белсендіге де Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
2022 жылы Қазақстанда интернеттегі саяси белсенділігі үшін 5 қарақалпақ қамалған еді. Олар бір жыл уақытша қамау изоляторында отырып, Қазақстаннан саяси пана ала алмады. Бірақ қазақ билігі белсенділерді Өзбекстанға экстрадиция жасаған жоқ. Олардың бірі Қошқарбай Төремұратов қазір Польшада тұрып жатыр. Қалған төрт белсенді АҚШ елшілігінен саяси пана алып, былтыр қазан айында отбасымен көшіп кетті.
Тағы бір қарақалпақ белсендісі 2023 жылы Ташкентті сынап, саяси қудалауға тап болды. Өзбекстан билігі Ақтауда көп жылдан бері тұратын тегі қарақалпақ Қазақстан азаматы Ниетбай Оразбаевты сол жылдың аяғында сырттай соттап, оған халықаралық іздеу жариялады. Көп өтпей Астана Ниетбай Оразбаев Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берерде "Өзбекстан азаматтығынан шығуға өтініш бермеген" деп, оны азаматтықтан айырды.
Ниетбай мұнымен келіспейтінін айтып, бұл шешімнің саяси астары бар деп мәлімдеген. Экстрадиция қаупі төнгеннен кейін ол Ақтаудағы үйінен кетіп, бой тасалаған ол былтыр қаңтарда Алматыда инфарктен қайтыс болды.
НӨКІС ОҚИҒАСЫНЫҢ САЛДАРЫ
2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын оятты.
Сол жылдың шілде айында Нөкіс қаласында халық жаппай көтерілген бейбіт наразылықты Өзбекстан билігі күшпен басып, аяғы үлкен қантөгіске ұласты.
Жиынтығы 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған (ресми дерек) оқиғадан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан. Бірақ қоғаммен диалог орнына билік наразылыққа қатысы бар белсенділерді соттап, одан кейін бас көтергендерді де қудалауды жалғастырды.
Нөкіс оқиғасынан кейін 64 қарақалпақ азаматы сотталды. Оның ішінде сырттай сотталған Ниетбай Оразбаев, Аман Сағидуллаев және Тілеубике Юлдашева да бар. Қазір сотталғандардың 30-ы Өзбекстанда түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Түркімен Хельсинки қорының жазуынша, қалғанына өз ауданынан шығуға және түнде үйінен шығуға, интернетті пайдалануға шектеу қойылған. Одан өзге тағы 100 қарақалпақ азаматына қатысты іс қозғалған. Бірақ тергеу амалдары сотқа дейін жетпей, тоқтаған.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер 2024 жыл қарақалпақтар құқығы көп тапталған жыл болды дейді. Былтыр қаңтарда Азаттыққа хабарласқан қарақалпақ жастары әлеуметтік желіде Тәжімұратовты қолдағаны үшін қысым көргенін айтқан. Олардың сөзінше, белсенді жастарды жергілікті милиция түрмеге қамаласың деп қорқытып, айыппұл салып, кейбірін 15 күнге қамаған.
"Терезесі жоқ қараңғы бөлмеге алып кіріп, 4 азамат қорқытты. Екеуі милиция киімінде болды. Сені өлтіріп тастасақ, ешкім білмей де қалады деп айтты", – деген еді Азаттыққа сол кезде анонимді түрді пікір білдірген қарақалпақ азаматы.
Австрияда тіркелген "Еуразия үшін бостандық" үкіметтік емес ұйымының төрағасы, заңгер Лейла Назгүл Сейітбек Өзбекстанда кейінгі бір жылда сөз еркіндігінің жағдайы жақсармағанын айтты.
"Билік онлайн платформаларды белсенді түрде бақылап, Қарақалпақстан мәселелері туралы сыни көзқарастарды басып тастап отыр. Әлеуметтік желілердегі пікірталастарды басу оппозицияның дауысын естіртпеуге және қоғамдық пікірталасты шектеуге бағытталған әрекеттердің жалғасқанын көрсетеді", – деді заңгер.
Кейінгі бір жылда Өзбекстанда азаматтарды интернеттегі белсенділігіне бола қудалап, сотқа тарту оқиғалары жиілеген. Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінде Орталық Азиядағы интернеттегі әлеуметтік мобилизация мен азаматтық қоғамның дамуын зерттеп жүрген Эрнест Жанаевтың пікірі осындай. Ғалым Freedom on the Net 2023 есебін дайындауға қатысқан.
Адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымның биылғы есебінде 2022 жылдың шілде айында болған Нөкіс оқиғасы мен оның салдары да қамтылған. Институт сарапшылары Өзбекстандағы "интернет еркіндігінің" нашарлауына биліктің Нөкіс оқиғасына реакциясы себеп болған" деп жазды.
Заңгер Сейітбектің сөзінше, өзбек билігінің адам құқықтары мәселелерін шешуге дайын екенін көпшілік алдында мойындаған кездері болды.
"Бұл мәлімдемелер әрдайым нақты әрекетке айналмағанымен, жағдайды жақсартудың қажеттілігін мойындауды және үкіметтің халықаралық имиджі туралы алаңдаушылығын көрсетеді", – деді ол.
Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры кейінгі бір жылда Өзбекстанда саяси тұтқындар саны көбейгенін айтып, Нөкіс оқиғасынан кейін сотталған қарақалпақтар тізімін жариялай бастады. Олар Өзбекстан қылмыстық кодексінің 159-шы (Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу) және 244-баптары (қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды дайындау, сақтау және тарату) бойынша жазаға тартылған. Құқық қорғаушылар бұл екеуін саяси бапқа жатқызды. Себебі аталған баптарды қолдану аясы кең және көбіне саяси көзқарасты шектеуге бағытталады.
Тізімді дайындауға Болгария, Норвегия мен Ресейден құқық қорғаушылар қатысқан. Қазақстаннан құқық қорғаушылар Евгений Жовтис пен Ғалым Ағелеуов атсалысты. Олар тізімді халықаралық тәжірибеге және сотталған азаматтардың ұстанымдары мен сот істеріне сүйеніп дайындаған.
Ресми Ташкент елде саяси тұтқын барын мойындамайды. Өзбекстан билігінің өкілдері былтыр қазанда Польша астанасы Варшава қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді қарау бойынша кезекті мәжілісіне қатысып, "жиында ашықтық жоқ" деп, қарақалпақ мәселесіне қатысты сайд-ивенттен шығып кеткен.
Нөкіс оқиғасынан кейін Қарақалпақстандағы адам құқықтары мәселесі халықаралық жиындарда жиі көтеріле бастады. Былтыр Варшавада өткен сол жиында "Еуразия үшін бостандық" үкіметтік емес ұйымының өкілі Михаэль Лаубш Қарақалпақстанға барып, Нөкіс оқиғасы құрбандарының туыстарымен сөйлескенін айтты. Ол "оқиға құрбандарының өліміне қатысты тергеу нәтижелері әлі жарияланбаған, туыстарына өтемақы төленбеген және мерт болғандардың денелері белгісіз жерде жерленген" деп мәлімдеді.
Өзбек билігі Нөкіс оқиғасын зерттеу үшін парламент жанынан арнайы комиссия құрды. Оған Өзбекстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Феруза Эшматова жетекшілік етеді. Қарақалпақтар арасында "қанлы саратан" (қанды шілде) деп аталып кеткен оқиға өткеніне екі жылдан асса да, комиссия әлі күнге дейін есебін жариялаған жоқ.
ТҮРМЕДЕГІ АЗАПТАУ
Нөкіс оқиғасынан "конституциялық құрылысты күштеп өзгертпек болды", "билікті басып алуға сөз байласты" деген айыптар тағылып, 16 жылға сотталған Дәулетмұрат Тәжімұратов былтыр тамызда өзі жазасын өтеп жатқан Науаи қаласындағы №11 түрменің қызметкерлері оны азаптағанын айтып, сотқа арызданды.
Арызды қараған Ташкенттегі Нурафшан аудандық сотының судьясы сот процесін Тәжімұратовтың өзін қатыстырмай өткізуге тырысты. Бірақ белсенді адвокатының арызымен жәбірленуші қатыспаған сот отырыстары кейінге қалдырылып отырды. Қыркүйекте іс аяғына жетіп, сот Тәжімұратовтың арызын қанағаттандырмады.
Адвокат Сергей Майоров қорғауындағы белсендіні көруге Науаидағы түрмеге былтыр 31 наурызда барған. Адвокаттың сөзінше, Дәулетмұрат Тәжімұратовтың денсаулығы нашарлаған, ас қорыту жүйесі әлсіреген.
Белсендімен кездесуге Майоров тек қағаз және қаламмен кіруге рұқсат алған. Кейін түрме әкімшілігі Майоров Тәжімұратовтың қалай азапталғаны туралы жазған қағазын қалдырып кетуді талап еткен. Адвокат "жоқ, бұл жазбалар менікі, сіздің оларды тартып алуға құқығыңыз жоқ" десе де, түрме қызметкерлері жазып алу үшін жазбаларының мазмұнын дауыстап оқуды талап еткен.
Былтыр Өзбекстан түрмесінде азап көргенін тағы бір белсенді мәлімдеген. Қарақалпақстанның егемендігі үшін күресіп, Науаи түрмесінде отырған Жұмасапар Дәдебаев жалғызкісілік камераға ауыстырылғалы бері денсаулығы нашарлағанын айтқан. Бұл туралы оны түрмеге көруге барған әкесі Егенмұрат Дәдебаев хабарлады.
"Мені түрмеде адам төзгісіз жағдайда ұстап отыр. Омбудсменнен жағдайымды жақсартуға көмектесуін сұраймын". Осылай деген ұлы әкесіне терезесі жоқ бір кісілік камерада отыратынын ғана айтып үлгерген.
Тегі түркімен Жұмасапар Дәдебаев Қарақалпақстанның Қожалы ауданында туған. 2008-16 жылдар аралығында Мәскеуде тұрып, еңбек еткен. Ресейлік адам құқығы жөніндегі "Мемориал" ұйымының жазуынша, 2016 жылы жазда Дәдебаев Қарақалпақстанға оралғанда Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдерінің қысымына ұшыраған. Көрші елдің құзырлы органы Дәдебаевты Ресей және Түркиядағы өзбек белсенділері қатарына кіріп, олар туралы астыртын ақпарат жинап жіберіп отыруға үгіттеген. Дәдебаев келіспегенін, кейін үш күн азапталғанын айтқан.
Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін, Жұмасапар Дәдебаев алдымен Ресейге, кейін Түркияға кетіп, саяси белсенділікпен айналыса бастаған. Қарақалпақ халқының Өзбекстаннан бөлініп шығуға конституциялық құқығы барын айтып, Қарақалпақстандағы түркімендердің "Достық" партиясын құрған.
Белсенділігі үшін 2019 жылы Өзбекстан билігі Дәдебаевқа халықаралық іздеу жариялады. Ал 2022 жылдың қаңтарында Түркия үкіметі Дәдебаевты ұстап, адвокатымен сөйлесуге мұрша бермей Өзбекстанға экстрадициялаған. Сол жылы Ташкент белсендіні "Өзбекстан президентін балағаттағаны" және "билікке жала жапқаны", "терроризмді үгіттеп, геноцид ұйымдастыруға шақырғаны" үшін айыпты деп танып, 12 жылға соттады.
Азаттық Өзбекстанның ішкі істер министрлігіне Жұмасапар Дәдебаевтың түрмедегі жағдайына байланысты хат жолдады. Әзірге жауап келген жоқ. Бұған дейін де редакция Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ахуалына қатысты Өзбекстан үкіметіне ресми хат жолдап, жауап ала алмаған.
"Алға, Қарақалпақстан" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаев Қарақалпақстандағы қысымның аз бөлігі ғана медиаға шығып жатқанын айтты.
"Екі жүзден астап қарақалпақ белсендігі үйқамақта отыр. Олар ай сайын жергілікті милиция мекемесіне барып, тіркеліп отыруы шарт. Оларды әр кез қорқытады. "Келесі жолы сендерді қамап тастаймыз" дейді екен. Сосын интернетті пайдалана алмайды. Егер [құзырлы орган қызметкерлері] азаматтардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін байқаса, түрмеге жабу мәселесін қарастыратынын айтады", – деді Сағидуллаев.
Құқық қорғаушылар Нөкіс оқиғасынан кейін ұсталған Саадатдин Реимов есімді белсендінің түрмедегі халі нашар екенін айтады. Өзбек билігі 2022 жылы Реимовті алдымен рұқсат етілмеген митингке қатысуға әрекеттенді деп әкімшілік жазаға тартқан. Бірақ сол жылдың тамыз айында оның үстінен де қылмыстық кодекстің 159-бабы бойынша іс қозғалды. Кейін сот белсендіні 4 жылға бостандығынан айырды.
Аман Сағидуллаев түрмедегі Саадатдин Реимов инфаркт алғанын, денесінің бір бөлігі сал болып, бірнеше ота жасатса да, шартты түрде босап шығуына мүмкіндік берілмей жатқанын айтты.
Қарақалпақстан тарихы
Қарақалпақтар – түркітілдес халық. Алтын Орда хандығының құрамында болған. 18-20 ғасырларда қарақалпақтар Хиуа хандығына бағынды. Коммунистер бастаған көтерілістен кейін хандық құлап, РСФСР құрамындағы Хорезм Халықтық Советтік Республикасы пайда болды. 1924 жылы совет билігі Қарақалпақ автономды облысын құрды. Облыс Қазақ АССР-іне қарады. 1932 жылы астанасы Нөкісте орналасқан Қарақалпақ АССР-і тіркелді. 1936 жылы автономды республика Өзбек ССР-іне қосылды. Совет Одағы тараған соң, Қарақалпақ АССР Жоғарғы кеңесінің отырысында "Қарақалпақстан Республикасын 20 жылға Өзбекстан Республикасының құрамына кіргізу" туралы мемлекетаралық келісім жасалды. Келісімде тәуелсіз Қарақалпақстан Республикасы референдум арқылы кез келген сәтте Өзбекстан құрамынан шыға алады деп жазылды. Қазір Қарақалпақстан Өзбекстандағы ең үлкен өңір саналады (ел территориясының 40 пайызы). Қарақалпақстан жерінің көбін шөл алып жатыр.