Ғалым Мекемтас Мырзахметов дүниеден өтті

Мекемтас Мырзахметов

Абайтанушы ғалым, филолог, профессор Мекемтас Мырзахметов 95 жасында қайтыс болды деп хабарлады Massaget.kz сайты.

Мекемтас Мырзахметов 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майтөбе ауылында дүниеге келген.

Ол 12 баланың ең кенжесі болған. Бірі ашаршылық кезінде мерт болса, өзгесі соғыстан оралмаған, тағы бірнеше бауыры аурудан қайтыс болған. Осылайша 12 баланың арасында тек бір ұл мен бір қыз ғана қалған. Балалары тұрақтамағаннан кейін ата-анасы ұлына тастай берік болсын деп "Мекемтас" деген ат қойған деп жазылған ашық дереккөздерде.

Мекемтас Мырзахметов 1948 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің филология факультетіне түсіп, 1953 жылы бітіріп шығады. 1964 жылы аспирантураны тәмамдаған.

1965 жылы академик Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен "Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын зерттеу" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 1989 жылы "Мұхтар Әуезов және абайтану ғылымы мәселелері" атты тақырыпта докторлық диссертациясын жазған. Ол абайтану ғылымына көп үлес қосқан ғалым ретінде танылған.

Ол сонымен бірге қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмірін де зерттеп, бауыржантану ғылыми орталығына жетекшілік еткен.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Мекемтас Мырзахметұлы совет дәуірінде Ресейдің Қазақстанда жүргізген саясатын әшкерелеп, (“Қазақ қалай орыстандырылды”, 1993) қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал еткен. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеген. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірген.