АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау тәсілін қайта қарастырып жатыр. 9 қаңтарда бірнеше дереккөзге сүйенген Financial Times (FT) осылай жазды.
Басылым кейінгі кезде Трамптың командасымен соғысты аяқтау мәселесін талқылаған аты-жөні аталмаған еуропалық шенеуніктермен тілдескен. Олардың сөзінше, келіссөз кезінде АҚШ-тың қайта сайланған президентінің команда өкілдері соғысты реттеу жолдарын әлі таппағаны белгілі болған.
"Бүкіл Трамп командасы барынша мықты болып көрінуге ұмтылып жатыр, сондықтан олар Украинаға деген көзқарасын қайта қарастырып жатыр" деді дереккөздердің бірі FT басылымына.
Болашақ Трамп әкімшілігінің өкілдері Украина бойынша шешімдерін Байден президенттігі тұсында Америка әскерін Ауғанстаннан әкетумен салыстырғанын қаламайды дейді дереккөз.
Басылымның жазуынша, Дональд Трамп пен оның командасы кейінгі уақытта Украинадағы соғысты инаугурациядан кейін бірнеше айдан кейін бітіре алатындығын айта бастаған. Сайлауалды кампаниясы кезінде Трамп соғысты "24 сағат ішінде бітіруге" уәде берген еді.
Басылымның жазуынша, Трамп алдағы жарты жыл ішінде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргіземін деп санайды. Украина мен Ресей бойынша арнайы уәкіл қызметіне ұсынылған Кит Келлогтың айтуынша, Трамп соғысты аяқтау бойынша "орынды шешімді" алдағы уақытта ұсына алады. Келлогтың сөзінше, уақыт жағынан 100 күн бекітілуі мүмкін.
Financial Times-тің жазуынша, Вашингтон мен Киевтің Еуропадағы одақтастары соғысты аяқтау мерзімінің өзгертілуін Трамп әкімшілігі Украинаны қолдаудан бірден бас тартпайды дегеннің белгісі ретінде қабылдаған. АҚШ Украинаның маңызды одақтасы және Киевті әскери көмекпен қамтамасыз еткен негізгі ел атанған. Дональд Трамп сайланғаннан кейін Вашингтон Киевті қолдаудан бас тартатыны жөнінде қауіп айтылған еді.
Былтыр қарашада Reuters бірнеше дереккөзге сүйене отырып, Путин Трамппен соғысты аяқтау бойынша келіссөзге ашық, алайда басып алған украин жерін қайтаруға ниеті жоқ және Украинаның НАТО-ға қосылғанына қарсы деп жазған еді. Кит Келлогтың айтуынша, Трамп Путинге жеңілдік жасайын деп отырған жоқ және ол Украинаны "құтқарғысы келеді".
Ал АҚШ-тың қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресей майдандағы бірқатар басымдығына қарамастан Украинада толық үстемдікке ие болып отырған жоқ деп мәлімдеді.
"Ресей басымдыққа ие және оның мүмкіндіктері мол деген пікір бар. Оның бірқатар басымдықтарға ие екені рас, алайда ол толық үстемдік орнатып отырған жоқ. Егер ол өз дегеніне жетсе, онда болашақта сол үшін жауап береді" деді 9 қаңтарда Рамштайндағы Украина қорғанысы жөніндегі байланыс тобының кездесуі алдында Пентагон жетекшісі Bloomberg агенттігіне.
Остин Ресей әскерінің өзінде мәселе жетіп-артылады деді.
"Олар Солтүстік Корея мен Иранға қайрылып, қару-жарақ пен оқ-дәрі, енді адам да сұрап отыр" деді Остин. Остиннің сөзінше, Украина да өзінің күшін арттырып жатыр.
Пентагонның жетекшісінің айтынша, атыс тоқтағаннан кейін де Украинаның басып алған жерін ұстап тұру үшін Ресейге өте көп ресурс қажет болады.
"Ол аумақты ұстап тұру үшін Ресейге көп құрлық әскері керек болады" деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс 2025 жылы аяқтала ма?