АҚШ шекарасында Қазақстан азаматы ұсталды. Ол "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындаған

Тимур Пірәлиев. Вконтакте желісіндегі қордың парақшасынан алынған.

Американың шекара қызметі Мексика жағынан Рио Гранд өзені арқылы Техасқа қарай заңсыз өтпек болған ЧВК "Вагнердің" бұрынғы жалдамалысы Тимур Пірәлиевті ұстады. Ол 4 қаңтарда ұсталған деп жазды Америка ақпарат құралдары.

Пірәлиев ұсталғаннан кейін Қазақстан азаматы екенін айтқан, алайда оның қазақстандық төлқұжаттан бөлек ресейлік паспорты да болған. Шекарашылар одан 4 мың доллар, 60 мың мексикалық песо және дрон тапқан.

Жауап алу кезінде Пірәлиев ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындаған.

АҚШ бұл жекеменшік әскери компания Украина аумағында және Африка елдеріндегі күш көрсету мен адамдарды дарға асу оқиғаларына қатысы бар деп санайды.

Пірәлиевке шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылған. Ол тағылған айыпты мойындаған.

Пірәлиев әзірге федералдық түрмеде, оның әрі қарайғы тағдыры белгісіз.

Пірәлиевтің АҚШ-ға неге өтпек болғаны белгісіз.

Азаттықтың Орыс қызметі АҚШ-қа заңсыз кірмек болған Тимур Пірәлиевтің суретін тапты. Оның “Вагнер” мүшесі болғаны расталды деп жазды басылым.

Бір айға жуық уақыт бұрын Башқұртстан республикасындағы "Защитники Отечества" қорынан ардагер куәлігін алған. Бұл жөнінде мәлімет 12 желтоқсанда “Вконтакте” желісіндегі қордың парақшасында жарияланды. Оның әлеуметтік желі парақшасындағы достарының бірі Азаттыққа суреттегі адам Пірәлиев екенін растады. “Вконтакте” желісіндегі деректер Америка соты құжаттарындағы деректермен сәйкес келеді.

Оның достарының бірі Азаттықтың Орыс қызметіне онымен бірге бұрын Capital Bank-те (бұл банк сот шешімімен 2021 жылы жабылған) істегенін айтқан. Қазақстан заңы қос азаматтыққа тыйым салады. Оның Ресей азаматтығын қашан алғаны белгісіз. Азаматтығы жөнінде сұраған кезде досы "бірге жұмыс істеп жүрген кезде онда Қазақстан азаматтығы болғанына сенімдімін, себебі ол ресми орналасып істеген" деді ол.

Азаттық бұған дейін де Украинада "Вагнер" құрамында соғысқан қазақстандықтар туралы жазған, олардың кейбірі сотталған, кейбірі қаза болған, кейбірі хабар-ошарсыз кеткен. Қазақстан азаматтары басқа елдегі қарулы қақтығысқа қатысса қылмыстық жауапқа тартылады.